
11 жасар Садықова Сәуле, АҚШ-қа ота үшін келген кезде уақытша тұрып жатқан үйдің ауласында құстардың жемсалғыштан жем жеп жатқанын көріп қатты қуанды.
"Жүр, мен саған бірдеңе көрсетейін", - деп айтты Сәуле, Викторияны құстарға қарау үшін қолынан жетектеп.
Сәуле мен Виктория Шарбону 2009 жылы балалар үйінде кездесіп, екеуі үшін де жаңа өмір басталған.
2010 жылы Викторияның қолында отырған Сәуленің кең күлімсіреп тұрған суреті бар. Қалыпты өмірге барар жолында кездескен кедергілерге қарамастан Сәуле өз күлкісін жоғалтқан жоқ.
Ол ерні жырық, бір аяғының ақауы және жұмылмайтын сол көзімен дүниеге келген - бұл физикалық ерекшеліктері, Викторияның айтуынша, Сәулені біреу асырап алу мүмкіндігін айтарлықтай төмендеткен. Осы ерекшеліктерге байланысты асырап алушы ата-аналар оның оқу қабілетінің бұзылуы да бар деп ойлаған.
Бірақ Сәуле мен Викторияның әлемдері бір-бірімен тоғысқан кезде, Сәуле физикалық қиындықтарды жеңуге болатынын көрсетті, ал олардың қарым-қатынасы бір адамның екінші адамның өмірін өзгертуге қабілетті екенін көрсетті.
"Сәуле маған көп нәрсе берді", - қазір жыл бойы Қазақстанда тұратын Викторияның сөздері.
"Қысқа өмірінде көптеген қиындықтарға тап болған Сәуленің күші мен батылдығы маған да қиындықтарға төтеп беруге көмектеседі. Өткен жылы Сәуле маған сенім артып, оған үш ота жасату үшін әлемнің жартысын аралап, біз АҚШ-қа бардық. Дәрігерлердің оның аяғы үшін ең жақсы нұсқа - ақауы бар жерін кесіп, протез салу екенін айтқанын түсіндірдім."
"Сәуле операцияға бетінде жарқын күлкімен кірді. ... Ол оянып, аяғы туралы сұраған кезде мен ашу мен қайғыға дайын болдым. Ол жаңа аяғын көргісі келді. Мен оған аяғы жазылмайынша дәрігерлер жаңа протез аяғын бере алмайтындарын еске салдым. Ашудың орнына, ол маған қарап: "Жарайды" деп айтты. Сол күні ол төсегінен балдақтарымен тұрып, артына қарамай, болашаққа жолын жалғастырды."
Виктория алғаш рет 2000 жылы қайырымдылықпен айналысатын ұйыммен бірге балалар үйінде жұмыс істеу үшін Қазақстанға барды. Ол кезде Виктория ажырасқан және оның екі кішкентай балалары бар еді. Бір жексенбі күні Виктория шіркеуде болған кезде, ол миссионерлік жұмыс туралы презентация көрді. Ол презентацияда жетім балалардың суреттері көрсетіліп, адамдардан көмек сұрастырылды.
"Мен Қазақстанға сапарды бір реттік нәрсе деп ойладым", - деді ол алғашқы сапары туралы айтып. "Мен екі баламды Вирджиниядағы патронаттық тәрбие жүйесі арқылы асырап алдым. Мен бір баланы шың жүректен жақсы көріп, сол баланы асырап аламын деп ойладым. Бірақ мен 180 баланы бар жүрегіммен жақсы көріп қалдым."
Сол сапардан кейін ол жыл сайын қайтып оралатын.
"Ол балалар мен білетін балаларға айналды. Бұл статистика емес еді, және әлемнің бір алыс жеріндегі мәселе емес еді. Бұл өте жеке мәселе болды, себебі мен ол балаларды білетінмін."
Виктория Сәулемен алғаш рет Қазақстандағы Ұлан балалар үйінде кездесті. Оның мүгедектігі амниотикалық жолақтардың пайда болу синдромынан туындаған.
"Бала жатыр қабырғасынан аздап ажырайды, ал бұл ұзын, жіп тәрізді заттар амниотикалық сұйықтыққа еніп, баланы орап алады", - деді Шарбону.
Ол жіп тәрізді нәрселер Сәуленің саусақтарына және аяғына оралды. Саусақтарының біріне оралған жіп ол саусақтың ажырауына себеп болды. Сәуле туылған кезде сол саусақ оның бетіне жабысып, сол көзіне әсер еткен.
"Дәрігерлер ата-аналарға туылғанға дейін күрделі мәселелер бар балаларды қалдырмауға шақырады... Соған қарамастан, Сәуле өте ақылды, жақсы қыз," - деді Виктория.
Сәуле 2014 жылдың қаңтарынан бері Қазақстандағы асырап алушы отбасында тұрады. Виктория ол отбасымен дос болатын. Өткен жылы сол отбасы Викториядан Сәуленің медициналық қажеттіліктеріне көмек сұрады.
"Мен ол кезде қалай көмек бере алатынымды білмедім, бірақ мен бұл кішкентай қызды жақсы көрдім", - деп айтты Виктория.
Виктория 2014 жылдың ақпан айында медициналық көмекке мұқтаж Сәуленің және ауыр сколиозы бар таныс қазақстандық 29 жастағы әйелдің фотосуреттері мен рентген суреттерімен АҚШ-қа оралды.
"Мен барлық есіктерді қақтым", - деді Виктория. Ол достарынан қайырымдылық ретінде медициналық көмек көрсете алатын дәрігерлерге жолдама сұрады.
Виктория көптен бері білетін досы, рентгенолог доктор Дж. Кит Томпсон оған рентген суреттерін әкелуді кеңес берді, сонда ол не істей алатынын көреді.
17 биологиялық және асырап алынған баладан тұратын үлкен отбасы бар дәрігер Томпсон тегін көмектесуге дайын дәрігерлер мен хирургтарты тапты.
"Бәрі өз-өзімен орнына келгендей болды", - деді Томпсон.
Сәулеге 2014 жылдың шілдесінде операция жасалынды. "The Hanger Clinic" клиникасы өткен жылы Сәулеге протез аяқ сыйлады, ал өткен жазда ол протезті Сәуленің өскеніне сай өзгертті. Сәуле жүгіріп, ойнап, протезінің үстіне киетін аяқ киім сатып алып, атқа мініп жүрді.

"Мен енді атқа мініп, секіре аламын. Батутқа да барып секіре аламын", - деп айтты Сәуле, бұрын істей алмаған бірақ қазір істей алатын нәрселер туралы.
Шарбону егер рұқсат етілсе, Саулені үлкен қуанышпен асырап алатынын айтты. Бірақ Қазақстан бірнеше жыл бұрын халықаралық асырап алуға тыйым салды.
"Балаларды биологиялық отбасыларымен болу керек, бірақ ондай мүмкіндік болмаған кезде балалап асырап алушы отбасыларымен бірге болуы керек. Балалар үйінде өмір сүру кез келген бала үшін қолайлы емес", - деп айтты Виктория.
"Қазақстан халықаралық асырап алуды қайта ашылатынына сенімді емеспін, сондықтан әзірге Сәуленің болашағы жақсы болуы үшін қолымнан келгеннің бәрін жасауға міндеттенемін. Егер оны басқа бір сүйіспеншілікке толы отбасы асырап алса, мен қуанар едім. Өмірде көп адамның сені жақсы көруі ешқашан жаман емес", - деді Виктория.
Қазір Сауле асырап алушы отбасының және Викторияның қамқорлығында. 2012 жылы Шарбону және оның досы Бет Турнок балалар үйінен шығып, көшеде қалуы мүмкін жасөспірімдерге баспана беру үшін "Қамқор Жүрек" қайырымдылық қорын құрды.
Олар тұратын жері жоқ жалғызбасты және жесір аналарға да көмектеседі. Қорда 10 адамға арналған бөлмелер бар және 20 балаға дейін тамақтандыратын күндізгі бағдарлама жүзеге асырады.
Қор қайырымдылық негізінде жұмыс істейді және оның Қазақстан мен АҚШ-та да қолдаушылары бар. Сәуле қорға аптасына бес күн келеді.
Шарбону жақында Facebook желісінде Қор мүлікті сатып алу үшін қаражат жинау мақсатына жеткенін жариялады.
Қорда олар тамақ дайындаудың негіздерін және басқа да өмірде керек дағдыларды үйретіп, қолдау береді.
"Мен қиналған кезде көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген қарапайым әйелмін, сондықтан енді ол сүйіспеншілікті басқаларға бере аламын", - деді Шарбону.
